Түркістан жоғары медициналық колледжі– Қазақстан Республикасының ең көне оқу орындарының бірі. Оның бай, жарты ғасырлық тарихы 1965 жылы 26 қазанынан бастау алады.
Колледж заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген: екі оқу ғимараты, 105 пәндік кабинет, екі лингафондық кабинет (әрқайсысында 20 лингафондық қондырғы) және заманауи модификациядағы зертханалары, оқу теледидары және электрондық кітапхана. Колледждің жеке спорт кешені, ашық жүзу бассейні, жазғы және қысқы спорт алаңдары және спорт залы бар.
Колледж базасында алты оқу симуляциялық орталығы жұмыс істейді, олар ШЖҚ «Түркістан жоғары медицина колледжі» МКК құрылымдық бөлімшелері болып табылады және медициналық білім беруде оқытудың заманауи ұйымдастырушылық формалары мен әдістерін жүзеге асыратын ұжымдық қол жетімділіктің білім беру орталығы.
Анатомия, физиология және патология пәндері бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру орталығы жұмыс істейді. Жалпы ауданы – 266,1 шаршы метр. Экспозиция құрамында анатомиялық және патанатомиялық ылғалды препараттар, табиғи және жасанды қаңқалар, жеке сүйектердің модельдері, анатомиялық муляждар және бұлшықет қаңқасының модельдері бар. Орталық интерактивті тақтамен жабдықталған.
Оқу-симуляциялық орталықтарда I-VI деңгейдегі шынайылықтағы тренажерлар мен роботтар орналастырылған. Олар жүрек-өкпе реанимациясының базалық және кеңейтілген түрлерін, шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмекті көрсету, хирургиялық араласуларды орындау дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, босану залы, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген жедел жәрдем көлігі макеті бар. Барлық оқу орталықтары жеткілікті көлемде шығын материалдарымен толық жабдықталған.
Оқу тәжірибесі арнайы пәндер оқытушыларының басшылығымен зертханаларда, оқу-клиникаға дейінгі кабинеттерде және оқу-симуляциялық орталықтарда жүзеге асырылады. Мейіргер ісі бойынша оқу-симуляциялық орталықта жалпы күтім, эргономика, гериатрия, паллиативтік көмек, педиатрия модульдері ұйымдастырылған.
Оқу-симуляциялық орталықтарда науқас палаталарының, процедуралық кабинеттердің, мейіргер постының, таңу бөлімінің, босану залының және педиатриялық палата үлгілері жасалған.
Бірінші бөлімде болашақ мейіргерлер пациенттерді қауіпсіз тасымалдау дағдыларын меңгереді. Мұнда эргономикалық жабдықтар қолданылады: екі жақты сырғанау жаймасы (Эсси-слайд), қос қабатты сырғанау жаймасы, ұстау белдігі, FlexiMove носилкалары, Флекси-диск, төсекте орнын ауыстыруға арналған FlexiGrip белдігі.
Экзарта кинезитерапия жүйесі ауа йогасымен біріктірілген және емдеу, оңалту, алдын алу шараларында тиімді қолданылады. Сонымен қатар, бұл жүйе стрессті жоюға және терең релаксацияға ықпал етеді.
Жату қалпындағы пациенттерге арналған эргономикалық киім үлгілері студенттермен бірлесіп жасалды. Бұл киім үлгілері пациенттерге күтім жасау барысында туындайтын әртүрлі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Екінші бөлімде білім алушылар стационарда және үй жағдайында паллиативтік көмек көрсету дағдыларын меңгереді. Хоспис жағдайында күтім жасау үшін Сьюзи робот-симуляторы қолданылады. Сонымен қатар, студенттер арнайы жабдықталған бөлмеде үй жағдайында айықпас науқастарға күтім жасау дағдыларын үйренеді.
Hall роботы – Hi-End санатындағы стационарлық модель, негізінен реанимация, анестезиология және интенсивті терапия салаларындағы әртүрлі клиникалық жағдайларды модельдеуге арналған.
Гериатриялық пациенттерге күтім жасау манекендері егде жастағы науқастарға күтім жасаудың әртүрлі әдістерін үйренуге мүмкіндік береді: тасымалдау, жуындыру, жара таңу, жеке гигиена, стома күтімі.
Орталықта төсек тартып жатқан науқастарды оңалтуға арналған «Опора» кешені, түрлі ортопедиялық жастықтар, ойық жараларын болдырмайтын матрас, бекіту белдіктері және төсектен құлап кетуді болдырмайтын сақтандырғыш жиектері бар.
Педиатрия бойынша арнайы бөлім бөлінген. Онда нәрестелер мен ауыр науқас балаларға күтім жасау дағдылары меңгеріледі. Жаңа туған нәрестенің жағдайын бағалауға арналған әртүрлі сценарийлері бар робот-симулятор бар.
Мейіргер посты модульдік жиһазбен жабдықталған, ол барлық қажетті элементтерді қамтиды және жұмыс орнын барынша эргономикалық етеді, сондай-ақ аурухана бөлімшесінің немесе клиниканың шынайы жағдайын модельдейді.
Хирургиялық аурулар бойынша оқу-симуляциялық орталық қажетті жабдықтармен, тренажерлармен және фантомдармен толық қамтамасыз етілген, бұл студенттерге әртүрлі хирургиялық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, алғашқы көмек көрсету, анестезиология және реанимация модульдері қарастырылған.
Акушерия және гинекология бойынша оқу-симуляциялық орталық барлық қажетті жабдықтармен, сондай-ақ Ноэль-1 және Ноэль-2 робот-манекендерімен жабдықталған. Олар студенттерге заманауи перинаталдық технологияларды меңгеруге көмектеседі. Интерактивті оқыту брифинг кабинеттері арқылы жүзеге асырылады.
Ішкі аурулар пропедевтикасы кабинеті «Оқушы-Ұстаз» бағдарламасымен жабдықталған, бұл перкуссия, пальпация және аускультация дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Оқу-оңалту орталығы студенттерге ми қанайналымы бұзылған науқастармен жұмыс істеу дағдыларын үйретеді. Мұнда неврологиялық науқастарды кешенді оңалтуға және стресстік жағдайларда психологиялық жеңілдеуге арналған сенсорлық кабинет ашылған. Орталық эрготерапия және кинезитерапияға арналған құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
WorldSkills чемпионатының «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша дайындық алаңы ұйымдастырылған. Алаң барлық халықаралық стандарттарға сәйкес конкурс тапсырмалары, инфрақұрылымдық парақтар, бағалау критерийлері және симуляциялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
2019 жылдан бастап Түркістан жоғары медицина колледжі «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатын өткізетін базалық алаң болып табылады. Мұнда студенттер чемпионат тапсырмаларына сәйкес хоспис, стационарлық және үй жағдайында күтім жасау дағдыларын меңгереді.
Оқу санитарлық бөлмесі барлық қажетті жабдықтармен қамтылған: антропометрия, санитарлық өңдеу жүргізуге арналған құралдар, тұтқалар, бұрыштық душ креслосы, төсекке арналған жиналмалы жуу жаймасы бар.
Объективті құрылымдалған клиникалық емтихан (OSCE) орталығында заманауи муляждар мен тренажерларда клиникалық жағдайлар ойнатылады, практика бойынша сынақтар және клиникалық пәндер бойынша емтихандардың екінші кезеңі өткізіледі. Бес бағалау станциясы медициналық құрал-жабдықтармен және стандартталған пациенттермен жабдықталған. Емтихан алушы бөлмесі мониторлармен және құлаққаптармен қамтамасыз етілген. Бағалау чек-парақтар арқылы жүзеге асырылады.
Колледждің барлық бөлмелері қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталған: өрт сөндіргіштер, өртке қарсы рукавтар, эвакуациялық схемалар және басқа да қажетті құралдар.
Химиялық зертханаларда тартқыш шкафтар орнатылған. Химия бойынша практикалық сабақтарда студенттер техникалық қауіпсіздік нұсқаулықтарын қатаң сақтайды. Әр бөлімде алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишалары мен жазатайым оқиғалар кезіндегі іс-қимыл нұсқаулықтары бар.
Фармацевтикалық дағдыларды меңгеруге арналған оқу дәріханасы мен фитобар біріктірілген оқу-әдістемелік бөлім болып табылады. Мұнда студенттер рөлдік ойындар өткізіп, фармацевтикалық және педагогикалық технологияларды меңгереді.
Оқу дәріханасы «Оқу дәріханасы туралы ереже» талаптарына сәйкес жұмыс жасайды және рецептуралық-өндірістік бөлім мен дайын дәрілік формалар бөлімінен тұрады. Дайын дәрілік формалар бөлімі стандартты дәріханалық жиһазбен жабдықталған: дәріханалық ветриналар, сөрелері және ұяшықтары бар шкафтар. Дәрілік заттар фармакологиялық топтар бойынша орналастырылған, жарнамалық материалдар және санитарлық-гигиеналық құралдар бар.
Фитобар «Фитобар туралы ереже» талаптарына сәйкес жұмыс жасайды, жалпы ауданы 54,4 ш.м. Өндірістік аймағы 16,8 ш.м., қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Фитобар «Фармакогнозия» және «Дәрілік формалар технологиясы» пәндері бойынша практикалық база, сондай-ақ «Жасыл дәріхана» үйірмесінің ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Үйірме мүшелері колледждің фитобақшасында өсірілген дәрілік өсімдіктерден фитошайлар дайындайды.
Фитобақша колледж аумағында орналасқан. Үйірме мүшелері жыл сайын дәрілік өсімдіктерді өсіру, күтіп-баптау, жинау және дайындаумен айналысады.
«Зертханалық диагностика» мамандығы бойынша кабинеттер мен зертханалық бөлмелер заманауи зертханалық жабдықтармен жабдықталған.
Колледждің оқу корпустары, жатақхана, акт залы, конференц-зал, тест орталығы және электрондық кітапхана бірыңғай ақпараттық-білім беру желісіне біріктіріліп, IT орталығы оған техникалық қолдау көрсетеді. Колледж кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз етілген, студенттер мен оқытушылар 100% интернетке қосылған.
Колледжде 373 компьютер, 22 интерактивті тақта, 50 LCD телевизор, «Академик» оқу орталығы (13 студентке арналған ноутбук), 1 LED-экран, 4 мультифункционалды панель, 2 толық биіктіктегі турникет, 100 адамға арналған Zoom платформасы, «ACTUALIS» (КАБИС) электрондық жүйесі бар.
Барлық аудиторияларда Wi-Fi желісі қолжетімді. Студенттер мен оқытушылар Scopus және Web of Science дерекқорларына еркін қол жеткізе алады.
Колледж кітапханасының қоры – 75 555 дана, оның ішінде оқу, ғылыми және көркем әдебиет бар. Электронды оқу залы сандық ресурстарға, электронды оқулықтарға және КАБИС автоматтандырылған кітапхана жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Заманауи спорт кешені: жалпы ауданы 872,8 ш.м. болатын үлкен спорт залы, жазғы спорт алаңы, жүзу бассейні, үстел теннисі залы, шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ бөлмелері. Спорттық-сауықтыру кешенінде душ, киім ауыстыратын бөлмелер, оқу бөлмелері және қосымша бөлмелер бар.
Колледж жатақханасы 4410,7 ш.м. ауданды құрайды және жайлы тұрмыс пен бос уақытты ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Жатақханада кітапхана, акт залы, демалыс бөлмесі, үтіктеу және кір жуу бөлмелері, душ және санитарлық тораптар әр қабатта орналасқан. Студенттердің бос уақытын жатақхана кеңесі, тәрбиешілер және студенттік ұйымдар ұйымдастырады.
Медициналық қызмет колледж жатақханасының екінші қабатында орналасқан медпункт арқылы жүзеге асырылады. Онда процедуралық, изолятор және дәрігер кабинеттері бар. Барлық кабинеттер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Салтанатты іс-шаралар мен конференциялар өткізу үшін 150 орындық акт залы және 60 орындық конференц-зал бар, олар заманауи мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
582,3 ш.м. аумақты алып жатқан 80 орындық асхана студенттер мен оқытушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.
Барлық оқу кабинеттері заманауи материалдардан жасалған жиһаздармен жабдықталған, кондиционерлер және пластикалық терезелер орнатылған. Автономды жылыту жүйесі арқасында қолайлы температура режимі сақталады.
Барлық оқу кабинеттері өрт қауіпсіздігі, еңбек гигиенасы және техника қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келеді. Әр кабинетте кабинет паспорты, оқу-әдістемелік кешендер, студенттердің білім, білік, дағдысын бақылау және бағалау материалдары, санитарлық нормалар мен стандарттар, жоспарлар мен есептер бар.
Колледждің ақпараттық ресурстары бірыңғай ақпараттық-білім беру ортасына біріктірілген. 50 аудиторияда бейнематериалдар мен оқу телеарнасын көрсетуге арналған плазмалық теледидарлар орнатылған.
Колледжде студенттік өзін-өзі басқару және ғылыми қоғамдар жұмыс істейді. 295 студент қамтылған, олар «тең-теңіне» қағидасымен бір-біріне қолдау көрсетеді.
Колледж денсаулық сақтау саласының 49 медициналық ұйымымен келісімшарт жасасқан. Барлық клиникалық базалар қажетті заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған және оқытудың барлық түрлерін жүргізуге лицензиялары бар.
Студенттер клиникалық базаларда тәлімгерлердің бақылауымен медициналық құрал-жабдықтар мен аспаптарды қолданып, кәсіби құзыреттерін жетілдіреді, әртүрлі процедуралар мен манипуляцияларға қатысады.
Студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында колледж кәсіби бағдарламалық қамтамасыз етілген жоғары сапалы ішкі және сыртқы бейнекамералармен жабдықталған бейнебақылау жүйесін орнатқан. Барлық камераларды бір мезетте бақылау мүмкіндігі бар.