Түркістан жоғары медицина колледжі республикамыздағы алдыңғы қатардағы оқу орындарының бірі. Ол өзінің бай  тарихы мен көптеген дәстүрлерімен танымал. Оның педагогикалық қызметі 1965 жылдан басталады.

         Колледждің жарты ғасырлық тарихында 40 мыңнан астам білікті мамандар дайындалып шықты. Олар республикамыздың түпкір-түпкірінде, алыс және жақын шет мемлекеттерде де сәтті қызмет етуде.

         Түркістан жоғары медицина колледжі өзінің даму барысында бірнеше кезеңдерден өтті.

Описание: C:\Users\User\Downloads\IMG_1644.JPG         Бүгінгі Түркістан жоғары медицина колледжі-уақыт талабына сай заманауи мықты оқу орны. Шәкірттерді ізгілікке тәрбиелеуде, олардың шеберліктерін, біліктіліктерін арттыру мақсатында колледжде 228 оқытушы қызмет етеді. Оның ішінде 3 профессор, 7 ғылым кандидаты, 20 магистр, 50 жоғарғы санатты, 38 бірінші санатты дәрігерлер мен педагогтар дәріс береді. 

Колледжде 4 «Денсаулық сақтау ісінің үздіктері», 6 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді.

Дағдарысты еңсеруге арналған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламасы бойынша колледждің оқу ғимараты, спорт залы, жатақханасы толығымен күрделі жөндеуден өткізілді. Білім алушылар үшін соңғы үлгіде жабдықталған, озық технологиялармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері даярланды. Колледжде 5 қабатты оқу ғимараты, 4 қабатты жатақхана, 105 оқу лабораториялары мен пән бөлмелері, 10 дәріс залы, спорт кешені, бассейн, кітапхана, 3 оқу залы, 5 компьютер класы, 20 интерактивті тақтамен жабдықталған  дәріс бөлмелері, «ЛАМАЗ» мектебі, клиникаға дейінгі бөлмелер, қалыпты және патологиялық анатомия мұражайы, фитобар, фитоогород, оқу дәріханасы, стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Колледжде дәріс барысында соңғы үлгідегі ақпараттық және инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 2009 және 2011 жылдары қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түрлі номинациялар сайысының қорытындысы бойынша Түркістан медицина колледжі «Жылдың ең үздік колледжі» номинациясына ие болды.

Колледжде оқу-ақпарат орталығы нәтижелі қызмет етеді. Электронды оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталып, интернет  жүйесіне қосылған. Білім алушыларды ғылыми зерттеулерге ынталандыру, олардың кәсіптік іскерліктерін дамыту, кәсіптік білімдері мен дағдыларын тәжірибеде қолдануға жағдай жасау, дарынды білім алушыларға қолдау көрсету мақсатында 54 пән үйірмелері ашылған. Барлық үйірмелер жыл сайын бір тақырыптағы өзекті мәселе аясында зерттеулер жүргізеді.

Колледжде орта буынды медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлімде  жоғары білікті оқытушылар дәріс береді.

Колледждің әдістемелік бөлімінде жас оқытушылар мектебі үздіксіз жұмыс істейді. Оқытушыларға қажетті оқыту әдістемелері, тәжірибелік, тәрбиелік жұмыстар кеңінен түсіндіріледі. 

Колледждегі педагогикалық ұжым арасынан білікті маман даярлау ісінде ерекше көзге түсіп, өздерінің озық тәжірибелерін таратып, жан-жақты білімі мен еңбек сүйгіштігімен дараланып,  жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп жүрген оқытушыларды айрықша атап өткен орынды. Олар: Юсупов.А,Махатова.А, Дадашева.М, Зарипова.Г, Бабаханова.Г, Ерманкулова.М, Айбекова.Р, Букебаева.Г,Абдраманова.Н, Қозыбаева.А, Аманбаева.Г, Ержигитова.А, Абитаева.С,Омаш.Қ, Юсупова.Г, Кененбаева.Р, Қоштаева.С, Мирзаева.Д, Нұрсейітова.А және т.б.

Халықаралық ынтымақ-тастық аясында Түркістан жоғары медицина колледжі 2014 жылы 7 тамызда Литва Республикасының Денсаулық сақтау Министрлігінің Утена және Каунас коллегияларымен Меморандумға қол қойып озық тәжірибелерімен алмасуда. Осы меморандум аясында арнайы пән оқытушылары Зарипова Г.К., Ержигитова А.С., Бабаханова Г.А., Ходжаева Н. 72 сағат көлемінде Литвада «Медициналық колледждегі сабақ берудің заманауи технологиялары және клиникалық дағдыларды инновациялық технологиялар арқылы жетілдіру» тақырыпта біліктіліктерін жетілдірді. Оқытушылар Жолдыбаева А.М., Елеуова Р., Бабаханова Г.А., Зарипова Г.К. 72 сағат көлемінде «Мейірбике ісін оқыту әдістемесі» тақырыбында Утены коллегиясында біліктіліктерін жетілдірді. Мейірбике ісі пән оқытушылары Татенова Г. , Адырбек Р.А., Жолдыбаева А.М., «Мейірбикелер мейірбикелерді оқытады» атты Финляндия универститеті ұйымдастырған мастер-кластарға қатысып 36 сағат көлемінде біліктілігін жетілдірді.

Оқу процесін тәжірибеге бағыттап бірізділік принципті жүзеге асыру мақсатында 60 білікті дәрігерлер мен аға, бас мейірбикелер колледж студенттеріне дәріс береді.

Қазіргі таңдағы колледждің миссиясы: Медициналық білім беруде озық технологиялар мен заманауи инфрақұрылымды, әлеуметтік серіктестік пен дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы өнегелі, жоғары интеллектуалды, өз мамандығын жетік меңгерген, ұдайы кәсіби жетілуге талпынатын, бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау.

Колледждің стратегиялық мақсаты:

-                     Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті орта буынды медицина және фармацевтика мамандарын даярлау;

-                     Білім алушылардың білімін, іскерлігін, мәдениеттілігін және сол қасиеттерді қоғамда өз бетінше жүзеге асыра білуге кешенді дайындау;

-                     Оқу үрдісін заманауи материалдық, әдістемелік, ақпараттық базамен қамтамасыз ету;

-                     Тұтынушыларды, яғни Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын заман талабына сай кәсіби білікті, креативті ойлай білетін, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, соңғы ақпараттық-коммуникациялық технологияны жетік меңгерген орта буынды медицина және фармацевтика мамандарымен қамтамасыз ету;

-                     Колледждің білім алушыларын азаматтыққа, адамгершілікке, өз Отанына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік Рәміздерді құрметтеп, қадірлеуге тәрбиелеу;

-                     Таңдаған мамандығына деген адалдығы мен қызығушылығын, жауапкершілік сезімін қалыптастыру;

-                     Республика бойынша жетекші рейтингте беделді оқу орны болуға ұмтылу.

Білім сапасын арттыру мақсатында колледж алғашқылардың бірі болып Сапа менеджмент жүйесін енгізген. 2014 жылы ҚР СТ ИСО 9001-2009 Сапа менеджмент жүйесіне сәйкестігін қайта растап, ресертификациядан өтті.

Мамандар даярлау сапасын арттыру және әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу бағытында мақсатты түрде жүргізілген қызметтің нәтижесінде 2015 жылдың наурыз айында колледж ҚР медицина колледждерінің арасында алғашқыларының бірі болып  институционалды және 5 мамандық бойынша мамандандырылған аккредитациядан өтті. Колледж ұжымының білім беру қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті  білім беру стандарттар талаптарына сай  деген қорытындымен аккредитациядан өткені туралы куәліктер (тіркеу № ІА-126  SA-004) берілді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз Қазақстан агенттігінің «Қазақстанның  2015 жылғы ең үздік медицина колледждері ұлттық рейтингісі бойынша Түркістан медицина колледжі 495,67 ұпаймен ІІ орынды иеленді.

Соңғы жылдардағы колледждің айтулы жетістіктері, ол:

-                     Республикалық «Ең үздік оқулық, ең үздік оқу-әдістемелік құрал (медициналық колледж студенттеріне арналған)» байқауында колледж оқытушылары 12 жүлделі орындарды иеленгені;

-                     Арнайы пәндер бойынша колледж оқытушыларының әзірленген 25 электронды оқулықтары ҚР Әділет Министрлігі тарапынан патенттелді;

-                     Республикалық «Ең үздік фармацевт» байқауында - І орын, «Ең үздік фельдшер» - ІІ орын, «Ең үздік кәсіптік ағылшын тілі пән оқытушысы» байқауында - ІІ орынды иелендік;

-                     Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауында - І, ІІ жүлделі орындар біздің студенттердің еншісінде болды;

-                     Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларына ұсынған жобалар – І, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған;

-                     Колледждің озық ақпараттық-коммуникациялық технологиялары негізінде, заманауи симмуляциялық әдіс-тәсілдермен республикалық медициналық колледждер оқытушыларына арнайы пәндер бойынша 7  мастер-класстар  (On line режимінде) берілді.

-                     2 Республикалық, 1 халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар  (On line режимінде) ұйымдастырылды.

Соңғы екі жыл ішінде Республикалық, облыстық, жергілікті баспасөз ақпараттық құралдар беттерінде колледждің жетістіктері туралы 100-ге жуық мақалалар, сұхбаттар, хабарламалар жарық көрген. Профориентациялық жұмыс жүргізу барысында колледждің тыныс-тіршілігі туралы бейнефильмдер, презентациялар, жарнамалық роликтер көпшілікке ұсынылады.

Нарық талаптарына сәйкес, колледж қорларына негізделіп, миссиясы, мақсаттары мен міндеттерін басшылыққа ала отырып басшылық тарапынан мынандай басымдықтар  алға қойылған:

- білім сапасын қамтамасыз ету;

- қадрлық саясат;

- теория мен тәжірибені ұштастыру;

- материалдық-техникалық базаны нығайту;

- функционалды сауатты, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау;

- басқару жүйесінің құрылымын, әдістері мен бағыттарын жетілдіру.

Емдеу-сауықтыру мекемелерімен (ЕСО) арақатынасты реттеу мақсатында нормативті-құқықтық құжаттар әзірленген: облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мақұлдауымен облыстық 27 ЕСО-мен  келісім-шарт түзілген. Әлеуметтік серіктестіктің негізгі мақсаты бітірушілерді жұмыспен қамту. Соңғы бес жылда жұмысқа орналасқан бітірушілердің үлесі 71-81,3% аралығын көрсетіп тұр. Қазіргі таңда колледж басшылығы «Бітіруші – колледж – ЕСО» деген үш жақты келісім-шарт түзуді бастады.

Жыл сайын «Бос орындар» жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады. Жәрмеңкеде колледж әкімшілігі, бітірушілерді тұрғын  үймен, жалақымен қамтамасыз ету мәселелері қаралады. Бітірушілерді жұмыспен қамту мәселесімен «Бітірушілерді жұмыспен қамтуға ықпал ететін орталық» айналысады. «Бітіруші» атты стендте колледж бітірушілердің жұмысқа орналасу картасы, бітірушілердің құқықтары туралы ресми құжаттар көрсетілген.

         Колледжді басқаруға қажетті ақпараттық ресурстар бір жүйеге келтірілген.

Олар:

-                     «Директорат» атты автоматтандырылған жүйе;

-                     «1С мекеме» есеп-қисап бағдарламасы;

-                     Автоматтандырылған «Кабис» бағдарламасы;

-                     «True-conf» атты автоматтандырылған ақпараттық білім беру кешені;

-                     «SQL Server» және «Delfi» атты автоматтандырылыған тестілеу жүйесі.

Қазіргі таңда колледждің екі оқу корпусы, стоматологиялық емхана, жатақхана, акт залы, конференция залы, кітапхананың оқу залдары Интернет желісіне қосылған. Интернет жылдамдығы 8 S/мбиттен 45 S/мегабитке жеткен. Оқытушылар мен студенттерге электронды кітапхана қызмет етуде, барлық оқу аудиториялары компьютер, теледидар, (3х1) принтерлер, интерактивті тақталармен қамтылған. Колледж қызметкерлері мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқу корпустарында, жатақханада, симуляциалық орталықтарда, тест орталығында бейне бақылау орнатылған.

Түркістан жоғары медицина колледжінде білім алушылардың білім алу және жеке мансаптық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында барлық жағдайлар жасалынған.

         Секциялы, 300 студентке арналған жатақхана қызмет етеді. Жатақханадағы демалыс бөлмесі, оқу залы теледидармен, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Автоматты кір жуу машинасы, ет тағамдарын сақтау үшін тоңазытқыштар, Аристон, студенттердің тұрмыстық жағдайын жеңілдетуде. Жатақханының аймағы көгалдандырылып, студенттер аллеясы студенттердің демалыс орнына айналған.

         Колледжде 80 орындық асхана бар.     Медициналық қызмет көрсетуге арналған медпункт бар. Онда қабылдау бөлмесі, изолятор, процедуралық бөлме ашылған.

         Салтанатты іс-шаралар өткізуге 150 орындық АКТ-залы, 60 орындық конференцзал бар.

         Кітапхана студент жастарға заман талабына сай білімінің, ғылыми, мәдени дамудың жетістіктерін насихаттауда өз үлесін қосуда. Кітапханада абономент, оқу залы және мерзімді басылымдар бөлімі қызмет көрсетеді. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, кітапхана қорларын қазақ тіліндегі оқулықтармен толықтыра түсуі үшін колледж әкімшілігі тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде.

         Қазіргі таңда кітапхана қоры 717 23  дана. 70 орындық оқу залында және мерзімді басылымдар бөлмесінде студенттер өздеріне қажетті ғылыми, көркем және анықтамалық әдебиеттерді кеңінен қолдана отырып реферат, конспект жасауға кеңес алады.

         Кітапханада кітап қорын насихаттау, тақырыптық көрмелер, конференция, диспут, кездесу, кештер өткізіліп тұрады.

Конференц-зал 20 студиялық микрофон, 20 «ASUS» планшеттер, LOTOS мультимедиалық трибуна және енді экранды теледидармен жабдықталған.

         Көркем өнерпаз студенттердің шығармашылығын дамыту мақсатында би, драмалық, домбрашылар үйірмесі, студенттік хор, КТК, «Флористика» клубы, АРТ-терапия үйірмесі ұйымдастырылған.

         Колледждің өзінің Стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Орталықтың медициналық қызмет етуіне арнайы лицензия берілген.

         Орталықта 2 терапиялық, 2 хирургиялық, стерилизациялық, рентген, физио бөлмелері, зертхана, тіс техникалық зертхана, регистратура, санитарлық бөлме, гардероб соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған.

         Колледждің спорт кешені 872,8 шаршы метрді құрайды. Ол: спорт залы, жазғы спорт алаңы, бассейннен тұрады. Үстел теннисіне арналған арнайы бөлме бар. 7 спорт секциясының жұмысы түрлі тренажерлар, орындықтар, доп, гантель, шашка, шахмат спорт киімінің комплекттерімен жабдықталған. Спорт кешенінде душ бөлмелері, киім ауыстыратын, оқу бөлмелері қарастырылған.

Білім алушылардың кәсіподақ комитеті кәмелет жасына толмаған жартылай жетім, тұл жетімдер, мүгедектерге және балалары бар жас отбасылы білім алушыларға материалдық көмек көрсетуге, жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуға қаражат бөледі. Тұл жетім білім алушылар топ кураторы мен колледж психологының қамқорлығында. Оларға арналған жоспар бойынша психологиялық тренингтер, қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Дуалды оқытудың басты қадамы ретінде колледжде 5 симуляциялық  орталықтар мен жекеленген стоматологиялық емхана  қызмет етеді. Колледж студенттерінің білім деңгейі мен практикалық дағдыларын бағалау симуляциялық орталықта клиницист-дәрігерлер мен аға медбикелердің қатысуымен жүргізіледі. Симуляциялық орталық заманауи соңғы үлгідегі оқу құралдарымен кең қамтылған. Атап айтқанда клиникалық дағдылар бойынша ең қарапайым тренажердан күрделі командалық симуляциялық интерактивті бағдарламалық муляждарға дейін. Симуляциялық орталық колледж студенттерінің тәжірибелік дағдылар кешенді орталығының құрамына кіреді. On line жүйесі арқылы бір топ бір уақытта оқытылады және  On line  емтиханы қабылданады. Бұл жүйе  үлкен теледидар экранына және жеке мониторларына қосылған.

Бұл орталықтың құрамына симуляция орталығымен қатар ОҚКЕ (білімдер мен дағдыалды тәуелсіз бағалау) орталығы, фармацевтикалық дағдылар орталығы (оқу дәріханасы, фитобар, фитоогород), стоматологиялық дағдылар орталығы (колледждің стоматологиялық емханасы). ОҚКЕ орталығында стандартталған әдіспен және симуляциялық емделушілердің көмегімен студенттердің клиникалық дағдыларын сұрақ қою арқылы бағалайды. ОҚКЕ орталығында бейне жазба жүйесі орнатылған. Дебрифинг бөлмесінде студенттердің білім алу барысында жіберілген қателіктері талқыланады.

Стоматология бойынша тәжірибелік дағдылар орталығы колледждің білім берудегі құзыретті бағытталған дуалды оқыту моделін жүзеге асыру үшін құрылған. Колледждің стоматологиялық клиникасында болашақ мамандар гипстен жасалған анатомиялық қалыптарды моделдеу дағдыларымен, алынатын, алынбайтын протездерді дайындау техникасымен қаруланады, оклюдаторға гипстеу жасайды, ортогнатикалық тістеу арқылы салыстырады және т.б. Клиника заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, құрал-саймандармен, аппараттармен жабдықталған  4 терапиялық, 2 хирургиялық және 1 ортопедиялық кабинеттерден тұрады. Клиника қызметі колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.

Фармацевтикалық дағдыларды қалыптастыру орталығы оқу-дәріханасы, фитобар, фитоогородтан тұрады. Олардың барлығы оқу ғимаратында орналасқан. Бұл жерде фармацевтикалық дағдылар мен манипуляциялар орындалады. Оқу-дәріханасы 02.09.2012 жылы шыққан «оқу-дәріханасының жағдайы туралы» ереже талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Дәріхана екі бөлімнен тұрады:

-рецептуралық өндірістік

-дайын дәрілік заттар бөлімі.

Оқу дәріханасында «маркетинг және менеджмент негіздерімен фармация ұйымдастыру және оның экономикасы» және «дәрілік заттар технологиясы» пәнінен тәжірибелік сабақтар өтіледі. Білім беру барысында ролдік ойындар, жағдаяаттар, интеграциялық сабақтар өткізіледі.

         Фитобардың жалпы алаңы 54,4 ш.м. құрайды. Бөлме су құбырымен қамтамасыз етілген. Бұл «фармакогнозия» және «дәрілік нысандар технологиясы» пәндерінің тәжірибелік базасы болып есептелінеді және «жасыл дәріхана» үйірмесінің зерттеу орталығы болып саналады. Фитобар талапқа сай жиһазбен, инфундирлік  шәйнектермен, сулы моншамен, дәрілік өсімдіктермен, дистилятормен жабдықталған.  Оқытушылар мен студенттердің сұраныстары бойынша «Жасыл дәріхана» үйірмесінің мүшелері аурудың түріне байланысты түрлі фитошайлер жасайды. Фитоогород колледж аумағында орналасқан. Колледж студенттері жылдың жазғы маусымында дәрілік шөптерді өсірумен, оған күтім жасаумен, мезгілінде жинаумен және тиісті дәрілік шөптерді әзірлеу жұмыстарымен айналысады. 

Тәжірибелік дағдылар орталығының мақсаты-колледж түлектеріне құзыреттілік оқытудың барлық деңгейінде тәжірибелік дағдыларды сатылы және сабақтастық үлгіде үйрете отырып қалыптастыру.

Осылайша дуалды оқыту принципі жүзеге асырылады, студенттер шынайы үрдіске максималды жақындатылған жағдайларда білім алады.

Жалпы алғанда, колледжде студентке бағытталған қөзқарас қалыптасқан. Колледждің оқытушылар құрамы және басшылығы студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларды болашақтағы дербес өмірге, кәсіби іс-әрекетке дайындайды. Колледждің ғылыми және шығармашылық  тұрғыдан әлеуетті педагогтары бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар.

Описание: H:\34\23.JPG

м.ғ.к. Бимурзаев Ғалымжан Нұрманұлы

Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры

1/1
  • 3eqwsadq3.jpg
  • b-005.jpg
  • b-06.jpg
  • b-2050.jpg
  • b-adilet.jpg
  • b-altyn.jpg
  • b-assambleya.jpg
  • b-con.jpg
  • b-egov.jpg
  • b-genprok.jpg
  • b-history.jpg
  • b-pam.jpg
  • b-prime-min.jpg
  • bannery140-2.jpg
  • bez-imeni-7.png
  • kazpatent.jpg
  • laz1.jpg